Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Атырау облысы

АЙДЫН мен АЙША

 АЙДЫН мен АЙША

    Желі бойындағы жылу айдайтын құбырларды қысқа дайындап қысымдық сынақтан өткізу – нағыз қарбаласты науқан. Құбырлар бойына әр жерге «Абайлаңыз, сынақ жүріп жатыр» деген ескертпе белгілер қойылып, қауіпсіздік шаралары сақталады. Белгілі бір мөлшерге шейін қысымды күшейтіп, құбырлардың беріктігін сынайды. Кейбір жағдайда ескірген тұстарынан ақаулық байқалса дәнекерлеушілер оны жаңасымен ауыстырады.

Сөйтіп, құбыр бойын суға толтырып сынақты қайта бастайды. Бұл кезеңде уақытпен санасу деген болмайды, барлық жұмысшылар өз міндеттерін жақсы түсінеді. Сынақ сәтті өтсе қыстан қиналмай шығатындары қай-қайсысына да белгілі. Бұл, әр жылдың қыркүйек айында міндетті түрде өткізіліп отыратын ауқымды шара. Іске тиянақтылық, біліктілік пен қабілеттілік осындай сәттерде байқалады. №3 – жылу  бөлімшесінің құрамында «№15 – ші жылу бөлімі», «Ерниязов» атындағы жылу бөлімі, бұрынғы «Тульский», қазіргі Қ.Сәтбаев даңғылы бойындағы «101» - жылу бөлімі және №14 – ші жылу бөлімдері бар.

Бұл сынақ жұмыстарына бөлімшедегі барлық мамандар жаппай қатысады. Әр ошақтың жылылығы үшін жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін сезе де бермейміз кей кезде. «Жүктің ауырын нар көтерер» - дейді қазағым. Осындай қарбаласты жағдайда дамыл таппай жүретін жандардың бірі – Айдын Ибатоллаұлы Ибатуллин. Өйткені ол осы бөлімшенің шебері, осы жұмыстарға тікелей жауапты маман. Мынау өзінің төл мерекесі – энергетиктер күніне орай осы азамат жөнінде көңіліме түйген ойларымды қағаз бетіне түсіріп, сіздерге ұсынуды жөн көрдім. Бұл мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жан, өз ісінің білгірі.

    Айдын 1957 жылы Махамбет ауданына қарасты Ақжайық елді мекенінде өмірге келіп, сол жерде алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған. 9,10 – шы сыныптарды Зауральныйдағы «Фурманов» орта мектебінде оқып, бітіре сала Гурьев ауылшаруашылық техникумының механика факультетіне оқуға түседі. 1975-1977 жылдар аралығында Мәскеу түбіндегі қалалардың бірінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, оқуын жалғастырады.

    Тағдырдың өзіне ұсынар сыйы әлі алда екенін ол әрине сол кездерде сезбеген болар. Бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы болатын, ұшса қанаты, сүрінсе сүйеніші, жанын ұғар жайдары аққөңіл Айша Табылдықызы Тұралиевамен оны жаратқанның өзі жолықтырды. Жайықтың жағасынжағы жайдары кештер, сырлы сезімдер, бір-біріне деген құштарлық бір бағытқа, бір тірлікке тоғыстырды. Сөйтіп екеуі 1981 жылы шаңырақ көтереді. Айдынның анасы Сәлия Ерғалиқызы босағасын аттаған аппақ гүлдей үлбіреген Айшаны аналық ақ ниетпен қарсы алды. Ошақтың үш бұтындай бір-біріне сүйеу болған жандардың жарастықты ғұмыры басталды. Бар өмірін ұстаздыққа арнаған енесі ақылшы ана да, қамқор қадірлесі де, қатарлас сырласы да бола білді. Ене мен келіннің арасындағы сыйластыққа ел қызығатын. Аяулы ана келініне ақ батасын беріп ризашылықпен мәңгілікке аттанғанына да он жыл болыпты. Өмірде де, еңбекте де жұптары жазылмаған екеуі 1997 жылдан бері Атырау жылу жүйесі мекемесінде еңбек етіп келеді. Айша «Мелиорация» жылу бөлімшесінде оператор да, Айдын бесаспап слесарь болатын. 

   Екеуінің де ерен еңбектері елеусіз қалып жатқан жоқ, естелік төсбелгілері де, марапат қағаздары да жетерлік.

    Екі қыз бір ұлдан 7 жиен, 2 немере сүйіп отыр. Сыры кетсе де сыны кетпеген сырлы аяқтай сұлу Айша қазір зейнеткер болса, 60-тан енді асқан Айдын жұмыстан қол үзген жоқ. Жандары жарасты, татулықтары тамаша, өзгеге өнеге, елге үлгі боларлықтай осындай жандарға қалай сүйінбессің. Тәңірім екеуінің де ғұмыр жастарын ұзақ қылып ұрпақтарының қызығын көргей деп тілейік.

басқа жаңалықтар