Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Атырау облысы

АРДАГЕРЛЕР ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

АРДАГЕРЛЕР ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

   Өмірімізді кезең-кезеңге бөлу біздің санамызда қалыптасқан нәрсе. Солардың біреуі: зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шығу. Кейбіреуіміз  бұл кезеңді өміріміздің заңды қорытындысы ретінде қабылдаймыз, ал кейбір адамдар үшін, бұл, арқаны кеңге салып, уайым-қайғысыз  демалатын дәуірдің басы. Қалай болғанда да, бұл кезең -  өмір бойы жұмысбасты болып, ұжым, қоғам мүддесін өз мүддесінен үнемі жоғары қойып, алаңсыз отбасылық өмірді аңсағандар үшін асыға күткен уақыт.

Базарбай Айтқалиев

   «Атырау жылу жүйелері» мекемесі екі бірдей қызметкерін құрметті демалысқа шығарып салды. Екеуі де бірнеше жылдар бойы өз жұмыстарының «ыстығына күйіп, суығына тоңған», өз еңбектерінің арқасында ұжым ішінде үлкен құрметке ие болған, қарапайым жұмысшы табының қалаулылары.

Жолдасбай Әжігерейұлы Қазанбаев өзінің еңбек жолын 1966 жылы Гурьев химия зауытында 4-санатты аппаратшы болып бастап, цех басшысы лауазымына дейін көтеріледі. Жұмыстан қол үзбей жүріп политехникумның сырттай оқитын бөлімін бітіріп, техник-механик мамандығын алады. 90-жылдардың басындағы тоқырау кезінде зауыттың халі де мүшкілдене бастайды. Ең басты себептердің бірі: өндіріске қажетті шикізат алып отырған кәсіпорын басқа мемлекеттің территориясында қалып, арадағы қатынастың үзілгені болды. Бірге жұмыс жасайтын басқа серіктестер іздеуге ешкім де асыққан жоқ,  бір кездерде ел, өңір кәсіпорындарының ішіндегі  алпауыттарының бірі болған зауыттың цехтары қаңырап қала берді, жұмысшыларға жалақы беру мүлдем тоқтатылды. Отыз  жылдан астам  еңбек өтілі бар Жолдасбай Әжігерей ұлы да «қақпа сыртында» қалғандардың біреуіне айналды. 1996 жылы оны  облыстық әкімшіліктің шаруашылық бөлімін басқару жұмысына шақырады. Соншама жыл қарбалас еңбек ырғағымен жүрген Жөкең,  әкімшілік  дәліздеріндегі «жайбарақат» өмірге тіптен үйрене алмады. Сөйтіп, келесі жылдың ортасында қалалық жылу жүйелері мекемесіне келіп ат басын тірейді. Бүкіл қалалық жылу жүйелерін өз қарамағына қабылдап алып жатқан  дәл осы мезетте, мекемеге  тап осындай жігерлі, нағыз еңбекқор мамандар керек – ақ еді. Ол жұмысқа бірден учаске шебері болып қабылданып, бес айдан кейін ЖЖПА-ның басшысы болып тағайындалады. Тап сол қызметте 22 жыл бойы тапжылмай еңбек еткен Жөкең, жаңа жылдың басында өзінің өтініші бойынша демалысқа шығып отыр. 

  Жыл сайынғы жүйелі жоспар бойынша атқарылатын күрделі жөндеу жұмыстары, ЖЖПА ұжымының және оның басшысының  беріктігін тексеретін сынақ іспеттес. Сондай сынақты  жиырма бір жыл бойы мүдірмей өтіп, беріктілігін де, кәсіби жарамдылығын да дәлелдеген  Жолдасбай Әжігерейұлы -  «ҚЭҚ құрметті энергетигі», «ҚР еңбегі сіңген энергетик» атақтарының иегері. Осы жылдар ішінде талай майталман энергетиктерді тәрбиелеуге үлесін қосты. Өзінің орнына бірнеше жылдар бойы ізбасары болып келген білікті маман Сергей Золотницынды тағайындауды өз басшыларынан сұрапты.

 

Базарбай Айтқалиев Теңдік кеңшарында, малшылар жанұясында дүниеге келген. Мектеп жасына келгенде сол үйдің балалары қаладағы апа-жездесінің үйінде тұрып оқиды. Бұлар төртеу, үй иелерінің жеті баласы тағы бар... «Құрылтайдың ұясындай» кішкене ғана үйде он бір баланың бабын тауып бағып-қаққан апасының ерлігіне қалай таң қалмассың. Сол кезде, бұлар оқыған Абай атындағы мектепте,  кейіннен елімізге белгілі болған жазушы-ақын, Атырау университетінің профессоры Қадір Жүсіп ағамыз еңбек етіп жүр екен. Ол кісі Базарбай оқитын сыныптың жетекшісі болып, әрі қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс береді. 5,6 сыныпта оқып жүрген кездерінен бастап Базарбай өлең жазумен әуестеніп, ағайының көзіне түседі. Тырнақ алды шығармаларын ұнатып қалған Қадір Жүсіп, талапты баланы өз қамқорына алып, ақыл-кеңесін бере бастайды. Бір күні ол Базарбайды «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясына алып барып, Мұхан Көптілеуов, Сансызбай Охасов, Жұмабай Төлегенов сынды журналистиканың майталмандарымен таныстырып, оның өлеңдерінің газет бетіне жарияланылуына септігін тигізеді. Сөйтіп, әп сәтте Базарбай өз мектебінде ақын-оқушы ретінде таныла бастайды. Бір күні оның атына поштадан бұрын-соңды көрмеген түбіртек келеді. Онда, редакция оған тиесілі «жеті сом қаламақы тағайындалғаны» жазылған екен. Келесі күні бір топ сыныптастарымен поштаға барып ақшасын алайын десе, құжат сұрайды. Жағдайдың мән-жайын түсінген кассадағы апай, оны табысымен құттықтап, көздері жәудіреп тұрған балалардың тауын қайтармай еңбегін бере салады.  Іле-шала бүкіл достарын  сол жердегі әйгілі «пельменныйге» алып барып, компот пен коржикке армансыз тойдырыпты.  

    Мектепте алғаш рет «Тимур командасын» құрып, сабақтан бос уақыттарында балалармен бірге жағдайлары мүшкіл жанұяларды аралап, ағашын жарып, отынын дайындап беруді қолға алған Қадір Жүсіп, балалардың сүйікті мұғалімдеріне айналады. Күні бойы қастарында жүрген ағайларын, олар кешкіғұрым теледидардан көретін еді. Өзінің жұмысынан қол үзбей жүріп, Қадекең облыстық теледидарда диктор болып қызмет ететін.

   Мектепті бітірген соң Базарбай ҚазМУ-ге емтиханын ойдағыдай тапсырғанмен баллы жетпей жолы болмайды. Өміріндегі алғашқы сәтсіздікке мойымай, «Эмбанефть» кәсіпорнына жұмысқа кіріп еңбек жолын бастады да, кейіннен химия зауытына ауысып бірнеше жылдар еңбек етті. 90 – жылдардың басында, ол зауыт өз жұмысын тоқтатқан кезде, Базарбай жұмыс жасап жүрген бөлім түгелдей, «автоматты» түрде қалалық жылу жүйесіне жұмысқа орналастырылады. Сөйтіп, күні кешеге дейін  осы мекеменің жөндеу-құрылыс бөлімінде тас қалаушы болып жұмыс істеді. Ерен еңбегі жоғары бағаланып түрлі марапаттарға ие болды, өткен жылы өңіріне «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медалін тақты. Осы жылдар бойы ол өзінің шығармашылық жұмыстарын да жалғастыра білді. Бір ретте «Атырау» газеті бір атаулы мейрамға тұстастырып конкурс жариялап, Бәкеңе телефон шалып, қатысуын сұрайды. Доданың ережесіне сәйкес, билет суырып, аталған тақырыпқа сол бойда шығарған өлеңін сарапшыларға тапсырады да жұмысына кетіп қалады. Келесі күні қорытындыланған ақындар сайысының шешімімен ол  құрметті 2-орынға иеленген екен. Осы үрдіс жөнінде газет бетіндегі мақаланы көрген мекеме басшысы Нұрадин Шамшатов ертеңіне өз бөлмесіне шақырып алып, құттықтап, үлкен құрмет көрсетеді. Екеу ара әңгімеде Базарбайдың 2000 мыңнан астам өлеңі бар екенін естіген Нұрекең, дәл сол жерде оның  өлеңдерін кітап етіп шығарып беруге уәде беріп, тез арада жинап беруді тапсырады. Сөйтіп Базарбайдың бірінен соң бірі «Көктемнен күзге дейін» және «Анамның жырын аңсадым» атты екі бірдей өлең жинағы жарық көрді. Сол екі кітаптың тұсаукесер рәсімі энергетиктердің төл мерекесі күндері, өз әріптестерінің алдында өткізілгенде одан асқан бақытты адам болмаған шығар. Мекеме әкімшілігі екі ардагерді де үлкен құрметпен құрметті демалыстарына аттандырып, зор денсаулық, жан-ұялық бақыт тілед.і

  Өнегелі өмірлерінің кезекті сатысына қадам басқан ардагер ағаларымызға біз де ақ жол тіледік.

басқа жаңалықтар